Сұрмерген
|
Төлеуғали Әбдібековтің асқан атқыштығы аңызға айналып, немістер оған қарсы ең үздік мергендерін салатын
Елдің атын ер шығарады.
Бала кезімнен есімде, Ұлы Отан соғысының сұрапыл ауыртпалығын бастан өткерген біздің елдің ұраны «Ешкім ұмыт қалмайды, ештеңе ұмытылмайды» деу болатын. Алайда соғыс тарихының ақтаңдақ парақтары мұның да жел сөз екенін ауық-ауық жаңғыртып жадымызға салады. «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы» атты 1985 жылы Мәскеуден жарық көрген соғыс энциклопедиясында бұл кісінің есімі мүлдем жоқ. Нағыз қаһарманның әлі күнге өз еліне елеусіз, белгісіз солдат болып қала бермегі қалай?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында совет халқының фашистік басқыншыларға қарсы соғысын қасиетті соғыс деп атап: «Жеңістің біз үшін қаншалықты қымбатқа түскенін бәріміз де жақсы білеміз», – деп жазады. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған «Панфиловшылар» атты кітапта Т. Әбдібековтің есімі жинақтың ең соңындағы – «Құраманың ескерткіш күнтізбесі» атты соғыс хроникасында екі жерде жай ғана аталынып өткен: Т. Әбдібеков 400-ге жуық фашисті жойды және қаза тапқаны туралы дерек. Панфиловшылардан 34 жауынгер Совет Одағының Батыры атанған. Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен аты шыққан бұл адамның туысымыз екенін бұрыннан білетінмін. Бірақ етжақын туыс екенін «Страна и Мир» газетінде (№ 7. 18.02.2000.) орыс тілінде жарық көрген «Снайпер Тулеугали» атты деректі мақаладан өз ата-бабамның нақты есімдерін оқып білгенде қайран қалғаным рас. Авторы – тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаев: «О Тулеугали Абдыбекове на всех фронтах ходили легенды, фашисты боялись его и называли «черной смертью». За свои ратные подвиги он должен был стать трижды Героем Советского Союза». Т. Әбдібеков батыр мәртебесін қатарынан үш мәрте алуға лайық ерлік көрсетсе де, белгісіз солдат тағдырын құшып, есімі әлі жабулы күйінде жатыр. Сол алапат соғыс біткеніне 65 жыл таянса да марқұмның рухы қапаста жатыр. Т. Әбдібековтің асқан атқыштығы аңызға айналып, немістер оған қарсы ең үздік мергендерін салатын. Соңына мықтап түскен қарсылас жақтың атқыштарын жасырын жекпе-жекте Төлеуғали бір-бірлеп құртып отырған. Аңдысқан жау алмай тынбайды, ол 1944 жылдың 23 ақпан күні 26 жасында қаза болған, сүйегі Калинин облысының Новосокольнический ауданының Насва станциясының түбінде жерленген.
Толығырақ оқу
|
Теги:
Төлеуғали Әбдібеков, атқыш, Ұлы Отан соғысы, «Ешкім ұмыт қалмайды, ештеңе ұмытылмайды», Сұрмерген
|
|