|
История Казахстана
Интересные факты из истории Казахстана.
Портал «История Казахстана» — e-history.kz.
|
|
|
|
Қара дақ – қасірет таңбасы
|
Қошағаш тарихы — қазақ тарихының зерттелмей, ескерусіз, елеусіз жатқан бөлігі.
«Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» деп аталған бұл туындыға көркем өлке Алтайдың қойын-қонышынан ырзығын теріп, қоныс еткен Найман ұлысы, алты Қаратай елінің берідегі, талайлы тағдырына арқау болған. Кітаптың атауында айтылғандай, тұтас қазақ елінің тарихының бір бөлшегіндей Алтай өлкесіндегі Қошағаш қазақтарының әр кезеңдегі өмірлері, шаруашылық жайы мен тұрмыс қалпы баяндалады. «Қиыр қонып, шет жайлап», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Жылаған жылдар шежіресі», «Нәубет құрбандары», «Өткен күнде белгі бар» деген тараулардан тұратын кітаптың құндылығы сонда, ұрпақ жадына ұлт тарихынан мол мағлұмат беріп, жүріп өткен жолымыздың қандай қасіретті, қандай ауыр болғанын сөзсіз меңзейді. Сондықтан ел тарихының кемшін тұсын толтыруға, ашылмаған, ақтаңдақтардың жария болуына септігін тигізетіні даусыз бұл еңбектің.
Шығарма автордың — Пионер Солтанұлының нағашысы Рүстем Әбітұлы, Қошағаштағы Шүй деген жерді мекен еткен көне көз қариялардың, «көнектің түбін тескен» қарттардың, маңдайын ерте әжім басқан әжелердің айтқан әңгімесін тыңдап, соларды саралап, мың ойланып, мың толғанып барып жарық көргені, аңдалады. Сонымен қатар екінің бірінің қолы жете бермейтін мұрағат материалдарын орынды пайдалана білген.
Қаратай елінің ұрпағы өсіп, аумағы кеңейгеннен жері тарлық ете бастайды. Рулардың бас көбейсе, яғни буын саны жеті атадан асатын болса, оларды ру деп танып, еншісін беріп бөлек шығаратын қазақтың жолы бұрыннан бар. «Бес Отыншы» атанған бір қауым елдің Құлжабайы да бөлектеніп, жырақтана бастайды. Қалдеке деген биі, ел басқарар көсемі сайланып, Шабанбай жайлауынан асып, өзге жерге ірге тебеді. Содан басталған таусылып бітпес тарих тегершігі аласапыран шапқынға ұласып, жер үшін, жесір дауы үшін өзімен-де, өзгемен-де жауласу, қабақ аңдасу тоқтаусыз жүріп жатады.
Барлық оқиғаны жазып оқырман уақытын алмайық, өзімізге айрықша әсер еткен, жадымызға салмақ түсірген, ойлантқан-толғантқан жерлеріне тоқталсақ. Сөз басында кітаптың қандай тарауларға бөлінген жазғанбыз, осы тараулардың ішінде ерекше тоқталғымыз келетіні — «Жылаған жылдар шежіресі» тарауы. Мұндағы қазақ тарихындағы қасіретті саналатын зұлматты жылдардағы жазықсыз құрбан болған аталарымыз бен аналарымыздың бақсыз, талайсыз тағдырының баяны. Кітапта бұл жайында автор құр сөзбен қуырдақ қуырып, баяндап қана қоя салмайды. Кезінде кірмек түгілі естудің өзі сұмдық үрей болған НКВД мекемесінің мұрағатынан қажетті деректі ала алу ісі, қол жеткізіп тұрып келістіріп жариялау ісі тиянақты жүргізілген.
Айталық, 1930 жылы 8 наурыздағы, Ақталдағы митинг кеңес үкіметі қарсылық деп бағаланып, оған қатысқан қарапайым адамдар, жазықсыз жандар жаппай жазалау науқанына ұшырайды. Осы митингтің басқарушысы ретінде Құтбай Әкімбайұлы ұсталып, жеке суретке түсіріледі. Айрықша тергеледі. Суретте анық көрсетілгендей, тергеу барысында болатын түрлі қысымдарға төтеп бергені, ұрып-соғуларға қыңқ демегені байқалады. Мұрағат деректерінде Құтбай туралы: «Әкімбайұлы Құтбай 1883 жылы Семей облысында туған. 20.02.1931 жылы ұсталған. 19.08.1931 жылы атылған» деп жазылыпты.
Себебі, 1931 жылды, ақпан айының 20-нда ұсталған Құтбайды тамыздың 19-на дейін тергейді. Осыншама ұзақ тергегенінен білінеді, мойындату, болмағанды болды дегізу, қол қойғызудың азапты әрекеттерінде оның даланың көкжалдарындай қайсарлығын, қара, ағаштай қаттылығын үштік еңсеріп жеңе алмаған. Жанарынан от шашқан, тозақтың қай түріне-де ащы мысқылмен, уытты кекесінмен қарайтын тегінде қайсарлық рухы есіп тұр. Әкімбайұлы Құтбай 1883 жылы Семей облысында туған. 20.02.1931 жылы ұсталған. 19.08.1931 жылы атылған.
Осы бір қара емендей қайсар азамат туралы шығармада былайша суреттеледі: «Айтқандарына тұрып 1930 жылы 8 наурызда күн көтеріле әр тұстан топ-тобымен атқа мінген азаматтар сельсоветтің артындағы алаңға жинала бастады. Қолдарында шошаңдатқан қамшыдан басқа қарулары болмаса да, айбаттанып қыр көрсеткендері ажарлы, ешнәрседен тайынғалы тұрған жоқ. Ауылдағы үкмет басындағылар жұмыс орындарында отыра алмай иналған халықтың неге көтерілгенін біліп тұрса да білмегенсіп, қайда барасыңдар мұнша халық неге жиналдыңдар деп сұраған болды. Топтың ішінен атын тебініп алға шыққан Әкімбайұлы Құтбай:
— Мына халық „Кеңес үкіметі жазықсыз түрмеге отырғызғандарды босатсын және бұдан былай мұндай бассыздықты тоқтатсын!“ деп айтқалы келді, — деді. Ауыл кеңесінің бастығы Қарамұрзаұлы Әміржай жиналғандарға жақындауға сескеніп, алыстан айқайлап:
— Тарқаңдар үйлеріңе! Кеңес үкметіне қарсылық көрсетуге болмайды, — деді. Сонда Мұрынұлы Мәсіп:
— Ей, Әміржай, әрине сендер бізді естігілерің келмейді, айдалғандар халық жауы емес, анық халық жауы сендерсіңдер, бізбен бірге Қошағашқа барасыңдар, сондағы бастықтарға бірге барып наразылығымызды жеткіземіз. Тез қасымызға еріңдер, ермесеңдер өзгеге болмаса да сендерге күшіміз жетеді, сатқын немелер, — деп сөзін аяқтап үлгермей Қосағаш жақтан гүрілдеген дауыс шықты. Халық жиналып үкіметке наразылығын білдірмекші деген хабар Қосағаштағы әскер бастықтарына хабарланып қойғанын көтерілісшілер енді ғана білді».
Содан жазалаушы жасақ Ақтал деген жерде өткен митингке қатысы бар деп 55-ке жуық адамды ұстап, соттаған. Осының ішінен 27 адамды үш жылдан он жылға дейінгі жазада бас бостандығынан айырса, тағы 27 адамды ажал оғына байлаған. Ендігі әңгімемізді 07.07.1931 жылы Айрықша үштіктің ПП ОГПУ-дың Батыс Сібір Өлкесінің № 260 шешімімен тергеуге алынған 54 кісінің фотосуретімен сабақтастыра баяндайық. Алғашқы суретті әлгінде көрсеттік: Құтбай Әкімбайұлы жеке түсірілген. Ендігі фотосуретте барлығы 50 адам. Ескерте кетейік: мұндағы кісілердің кеудесіне жазылған сол кездегі таңба, белгі. Қара дақ — қасірет таңбасы.
1. Құдайбергенов Антон — тілеуіт. 1904 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған.
2. Нұрсалиев Сүбебай — қазақ. 1906 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған.
3. Эдымов Кучук — тілеуіт. 1897 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 13.08.1931 жылы атылған.
4. Илюшев Михаил — тілеуіт. 1898 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған.
5. Яйтинов Турдыбек — тілеуіт. 1895 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 13.08.1931 жылы атылған.
6. Сыдықов Жүгірәлі — қазақ. 1886 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 10 жылға сотталған.
7. Қалданов Солтанбай — қазақ. 1859 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 13.08.1931 жылы атылған. Ұлы Қабақан (Қабрахман), қызы Рахила.
8. Жортпасов Керейбай — қазақ. 1870 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 13.08.1931 жылы атылған. Ұлы Ыдырыш, Сәдуақас.
9. Тұрдыбаев Мұстафа — қазақ. 1865 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 13.08.1931 жылы атылған. Ұлдары: Бәлден, Таберек, Мәжін, Әмбия. Қыздары: Мағмер, Қайың, Қолды, Рәузән.
10. Шынғожанов Құжырбай — қазақ. 1867 жылы туған. 13.04.1931 жылы ұсталған. 13.08.1931 жылы атылған. Ұлы Елғазы.
11. Шынғожанов Божрақ — қазақ. 1864 жылы туған. 13.04.1931 жылы ұсталған. 13.08.1931 жылы атылған. Ұлдары: Балғазы, Сібәт, Әтекей. Қыздары: Оқан, Майбала.
12. Жортпасов (Керейбаев) Ыдырыш — қазақ. 1900 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған.
13. Солтанбаев Қабдрахман (Қабақан) — қазақ. 1912 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған.
14. Мұстафанов Тәберек — қазақ. 1901 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған. Ұлдары: Астау, Нұрмат. Қызы Нәзипә.
15. Жапынов Қали — қазақ. 1890 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған. Ұлдары: Қашын, Тайлақ. Қыздары: Кәмиле, Майсан.
16. Ахетов Мағзұм — қазақ. 1908 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 10 жылға сотталған.
17. Ақтоқалов Жұмағұл — қазақ. 1886 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған. Қыздары: Шәпия, Тоташ, Шәмә.
18. Әлпиев Тілеуді — қазақ. 1882 жылы туған. 01.03.1931 жылы ұсталған. 13.08.1931 жылы атылған.
19. Шұқаев Қасен — қазақ. 1905 жылы туған. 20.02.1931 жылы ұсталған. 10 жылға сотталған. Кызы Қайырды.
20. Шәкіртов Әжмұхамет — қазақ. 1908 жылы туған. 13.04.1931 жылы ұсталған. 5 жылға сотталған. Қыздары: Әсипә, Әризә.
Жалғасы: http://e-history.kz
|
Теги:
Қошағаш, найман
|
|
|