|
История Казахстана
Интересные факты из истории Казахстана.
Портал «История Казахстана» — e-history.kz.
|
|
|
|
Сақ па, парсы ма?
|
Шарон Турнер (Sһаrоn Тurner) — 1768–1847 жылдары өмір сүрген ағылшын тарихшысы. Ол бұл мақаласын ағылшын тілінде 1827 жылы жариялаған болатын.
Филология ғылымының докторы, Қазақстан және Ресей Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі Әділ Ахметов іс-сапармен біраз жыл Америкада тұрып, үндістердің тарихы мен тағдырына байланысты бірқатар қызғылықты ғылыми жұмыстар жазып, америкалық «үндістердің" арғы тегін антропологиялық, археологиялық, генетикалық және лингвистикалық тұрғыдан зерттеп, өз пайымын ортаға салған болатын. Ғалымның зерттеу жұмысының нәтижесі америкалық «үндістердің» арғы тегінің Алтайдан шыққандығын толық дәлелдейді.
Ә.Ахметовтың «үндістердің" түпкі тегіне арналған «Азия-Берингия-Америка»,«Байырғы америкалықтардың алтайлық тегі», «Еуразия коды. Бесінші өркениет қарсаңында» атты еңбектерін оқыған адам өте тың деректерге қанығады, шындықпен сусындайды.
Ә.Ахметов Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі болып қызмет атқарған жылдары ол елде-де уақытын бос жібермей, ағылшын-саксондардың азиялық тегі туралы тарихи материалдар жинады. Соның бірі -британдық ғалым Шарон Турнердің төмендегі мақаласы. Сол мақаланы да, оған тіркелген сөздікті-де, ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударған Әділ Ахметов.
Дәл қазір Корольдік әдебиет қоғамының назарына бірден ілігіп, өзекті әңгімеге арқау бола қоймаса да, ағылшын-саксондық бабаларымыздың азиялық тегі жөнінде олардың байырғы тілдеріндегі тамырластық қарым-қатынастарды зерттеу нәтижесінде қалыптасқан кейбір мәселелер мен пайымдарымды оқушыға ұсынсам, мүлде елеусіз қалмас деген ойдамын.
Ағылшын-саксондардың тарихында олардың арғы тегі сактардан (Sакаі немесе Sасае) тараған деген тұжырым қалыптасқан. Кезінде сактар Каспий бойынан шығысқа қарай жылжып, Бактрия ғана емес, сонымен қатар батыс жақтағы Армения жерінің өте шұрайлы бөлігіне-де қоныстанған. Ол заманда, Страбонның айтуынша, әлгі аймақ Сакасина (Sаkаsіnа) деп аталған.
Плиний әлгі аймаққа қоныстанған сактарды Сакассани (Sakassani) деп атаған. Бұл атау дыбысталуы (айтылуы) жағынан Сака-суну (Saka-sunu), яғни сактың ұлдары (ұрпағы) деген атауға ұқсайды. Біздің ойымызша, бұл бір ұғымның екі түрлі атауы. Бұл этимологияны алғаш ұсынған Горопиус Беканус (Goropius Becanus) болатын. Атақты Меланчтон (Melanchthon) да бұл пікірді құптаған. Әдетте мұндай мәселелерге әркім-ақ күдікпен қарап, талқыға салатыны бар. Ал біздің Камден (Camden) болса, әлгі этимологияны то-лығымен қолдаған болатын.
Мен өзім-де біздің арғы тегіміз жөніндегі жоғарыда аталған пікірді ең ойға қонымды дүние деп ойлаймын. Себебі — екінші ғасырда Страбон мен Плинийден соң Птолемей-де сактардан бастау алатын скифтердің саксондар (saxones) болып аталғанын атап өтеді. Демек, бұл пікірдің дұрыстығын және аталмыш саксондардың да арғы тегінің сака-сунудан немесе сактардың ұрпағынан тарайтындығын дәлелдей түседі.
Римдіктер сөздегі «к» деген әріптің орнына «с» деген таңбаны пайдаланған, міне, сондықтан да біздер оларды «sасае» деп жүрміз. Бірақ бұл тек роман тіліндегі «с» әрпінің қате дыбысталуы (оқылуы). Мәселен, грек тілді жазушылар Цицеронның (Сісеrо) атын «Кіkеrоо» түрінде таңбалаған.
Сонымен, жоғарыдағы тұжырымдар, ағылшын-саксондық бабаларымыздың түп аталары Еуропаға Азиядан келген және оған дейін олар Армения мен Каспи маңын мекендеген деген пікірге жетелейді.
Жоғары мәртебелі Кеппел мырза өзінің кейінгі кезде жасаған қызғылықты сапарлары кезінде әлгі жерлерде болып қайтқанын баяндай келіп, мына бір жәйтке тоқталады. «Аракс (Аrras) немесе Плутарх жазып кеткен Араксис (Аraxas) өзенінен өткен соң, осы өзен мен Кура (ежелгі Суrus немесе Суrnus) өзенінің ортасында Карабах (Каrabaugh) деген әдемі аймақ жатыр. Бұл — ежелгі сактардың (Sасае немесе Sасаssani) елі, Плиний мен Страбон жазып кет-кен скифтердің жауынгер тайпасы, яғни біздің байырғы бабаларымыз саксондардың дәл өзі болуы керек», — дейді.
Карабахтан соң Кеппел мырза Ширванға (Sһіrwan), яғни ескі замандағы Албания жеріне жол тартады. Сонымен Аракс пен Кураның (байырғы Аrrахеs пен Суrnus) арасында жатқан шұрайлы Карабахты өзіміздің ағылшын-саксон бабаларымыздың Азиядағы мекендерінің бірі болған деп топшылауға болатын сияқты. Ал Кура өзені осы аймақта орыстар иемденген өңірдің шеткі шебі болған.
Орыстар мен парсылардың арасында болған соңғы соғыс, негізінен, осы аймақтағы сактар (Sасае немесе Sасаssani) мекендеген жерлердің маңында орын алып, Кура өзенінің оңтүстігінен басталған сияқты. Егер орыстар иелік еткен аймақтың шебі кеңейе түскен болса, онда біздің сак бабаларымыз да солардың қол астына өтіп кетуі әбден мүмкін еді.
Осы уақиғалар менің ойымды әлемнің осы шетіне жетелеп, бізден бұрын өткен зерттеушілердің парсы тіліндегі кейбір сөздердің саксон тіліндегі сөздерге ұқсайтынын байқағандарын есіме қайта түсірді: мәселен, Камден (Camden) былай деген: «Керемет ғалым Джозеф Скалигер (Joseph Scaliger) бізге fader (әке), muder (шеше), brader (бауыр), tuchter (қыз), band (белдік) т.с.с. сөздер парсы тілінде күні бүгінге дейін қолданылады және олар біздің тіліміздегі father (әке), mother (шеше), brother (бауыр), daughter (қыз), band (белдік) сияқты сөздерден мағынасы жағынан айнымайды дегенді айтты» (Саmden’s Вrit. Іntrod. СХХХІІІ.)
Осындай жақындықтың бар екенін түсінгендіктен маған мынадай ой келді: егер екі тілден бір-біріне ұқсас осындай бес сөз табылған болса, парсы тілі мен, ағылшын-саксон тілдерін тереңірек салыстыра зерттеп, одан да көп ұқ-састықтарды табуға болады ғой. Егер саксондықтар Азиядан тараған деген тұжырым дұрыс болатын болса, екі тілдің арасындағы ұқсастықтар көптеп табылып, олар дәлелденген жағдайда саксондықтардың арғы тегінің Азиядан тарайтындығымен бірге, олардың ата-тектері Каспи теңізі өңірінен Герман мұхитына (Солтүстік теңіз немесе Атлант мұхиты болуы керек — Ә.А.) дейін бірте-бірте қоныс аударған деген тұжырымды қуаттауға мүмкіндік туар еді.
Осы тақырыпқа қатысты қалыптасқан осындай көзқарас мені енді бұл мәселені жедел зерттеп, екі тілдің арасындағы жақындықтың негізсіз емес екенін нақты дәлелдеу арқылы оған көзді-де, көңілді-де сендіруге итермеледі. Бірақ екі тілдің арасындағы ұқсастық о баста қаншалықты-деңгейде болғанына қарамастан, қазір олардың бәрін дәлелдеу мүмкін бола қоймасы өзінен-өзі түсінікті. Себебі саксондықтар жоғарыда аталған байырғы қоныстарынан ауып кеткелі қазір ең кем дегенде 2000 жылдай уақыт өтті. Оның үстіне олар Азияның солтүстігімен батысқа қарай жылжи отырып, бүкіл Еуропаның солтүстігін басып өту кезінде сан-қилы қиындықтар мен қасіреттерді бастан кешірді. «Басқа түссе баспақшыл «дегендей, Эльба өзенінің теңізге құяр сағасына жеткенше, олар сан-қилы тағдырдың ащысы мен тұщысын татқаны қақ. Сосын бертінде тарих сахнасынан орын алған соғыс өрті оларды үш ғасыр бойы Рим империясына қолжаулық етті.
Тіпті одан соңыра да Британияда оларды әлгі бодандық 400 жыл бойы күтіп тұрған болатын. Бұл жоғарыда аталған бізге жеткен тілдердің ұқсастығы туралы деректер жазылған заманнан көп бұрын болған. Осылардың бәрін ескерсек, Альфредтің заманында, ағылшын-саксондар мүлде бөлек тілде сөйлегені әбден ықтимал әрі ол кездегі тілдердің сөздік қорының көпшілігі-де олардың Карабах секілді ғажайып жерде, Аракс, Кура өзендерінің бойында, Каспи төңірегінде өмір сүрген байырғы ата-бабалары қолданған, бірақ әлі жетіле қоймаған қарапайым сөздік қордан мүлде алшақтап кеткені қақ.
Сонымен, соншама заманды артқа тастаған парсы тілі Кир (Суrus) және Дарий (Darius) патшалары билік құрған замандағы парсы тілі болудан әлдеқашан қалып қойған еді. Соңғы мың жыл ішінде бұл тіл Шығыс әлемінің аса жетілген әрі ғұламаларының шығармашылығына арқау болған ең икемді-де көркем тілге айналды.
Сондықтан осы замандағы парсы тілі парсыларға соғыс ашып, оларды оңай тізе бүктіріп, жеңіл жеңіске қол жеткізем деп жүріп ажалынан бұрын жан тапсырған өркөкірек Юлий Цезарь кезіндегі парсы тіліне мүлде ұқсамайды.
Бұл айырмашылық қазіргі, ағылшын тілі мен англо-саксон заманындағы сөйленген тіпдің арасындағы айырмашылықпен бара-бар. Қазіргі парсы тілі болсын саксон тілі болсын сактар мен парсыларды бір-бірінен бөліп тұратын өзендер мен тауларда болған шайқастар кезіндегі тілдерден мүлде өзгеше. Сондықтан кезінде бір-біріне жақын болған уэльс, бас бретон, ирланд және гааль тілдерінен-де бұл күнде көзге ұрып тұрған ұқсастық табылу мүмкіндігі жоқтың қасы деуге болады.
Мақаланың толық нұсқасын мына сілтеме бойынша оқи аласыз: http://e-history.kz/kz/publications/view/680
|
Теги:
сақтар, тайпалар
|
|
|